Азаматтық қоғам ұйымдарының жұмыс тобы
Орталық Азиядағы орнықты даму бойынша

Жаңа одақтастар іздестірілуде: Варшавадағы конференцияда адам құқықтары саласындағы ескі тетіктердің дағдарысы талқыланды

Адам өлшемі жөніндегі халықаралық конференцияда қазақстандық құқық қорғаушылар бөлек сайд-ивент өткізіп, онда халықаралық ұйымдармен және қаржы институттарымен өзара әрекеттесу мәселесін талқылап, Орталық Азия елдерінің тұрақты дамуына жәрдемдесу мақсатында адам құқықтарын және азаматтық қоғамды ілгерілету жолдарын көтерді.

9 қазанда Варшавада Финляндияның ЕҚЫҰ төрағалығы мен Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюроның (ODIHR) қолдауымен өткен жыл сайынғы Адам өлшемі жөніндегі конференция аясында «Адам құқықтары мен азаматтық қоғамды ашықтық пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған халықаралық даму ұйымдары арқылы ілгерілету» атты арнайы сессия өтті. Сайд-ивенттің ұйымдастырушылары – Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро және Орталық Азияның ҮЕҰ-ларының тұрақты даму жөніндегі жұмыс тобы. Іс-шараны Бюроның бас сарапшы-кеңесшісі Евгений Жовтис жүргізді.

Жиынды ашқан қазақстандық құқық қорғаушы биыл 1 тамызда аталып өткен маңызды құқық қорғау датасын еске салды: тура елу жыл бұрын, 1975 жылғы осы күні, Хельсинкиде өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңесте әйгілі Хельсинки қорытынды актісі қабылданған еді. Құжат үш «себеттен» тұрған: біріншісі – халықаралық қауіпсіздік, екіншісі – экономикалық ынтымақтастық, ал үшіншісі – адам құқықтары мен азаматтық бостандықтар.

– Осы үш себеттің ішінде ең маңыздысы – үшіншісі, өйткені құқық үстемдігі мен мемлекеттердің адам құқықтарын сақтауынсыз жаһандық қауіпсіздік те, экономикалық даму да, мемлекетаралық ынтымақтастық та мүмкін емес, – деді Евгений Жовтис.

Бүгінгі жағдайға тоқталған ол БҰҰ, ПАСЕ және ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдар құқық үстемдігі әлсіреп, антидемократиялық үрдістер күшейген елдердегі адам құқықтары жағдайына ықпал ету тұрғысынан тиімділік дағдарысын бастан кешіріп жатқанын атап өтті. Қазақстандық құқық қорғаушылардың айтуынша, азаматтық қоғам ұйымдарының құқық қорғау саласындағы адвокациялық қызметі барған сайын тиімсіз әрі көңіл қалдыратын болып барады.

– Сонымен бірге соңғы жылдары адам құқықтары, азаматтық белсенділік кеңістігін сақтау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері даму банктері мен даму, ашықтық және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған ұйымдардың құжаттарында жиі көрініс таба бастады. Осыған байланысты Орталық Азия елдерінің азаматтық қоғам ұйымдары мен ашық қоғамды қолдау қорларындағы әріптестеріміз бірлесіп, адам құқықтары мен азаматтық қоғамды ілгерілетуді басты мақсаты еткен Тұрақты даму жөніндегі жұмыс тобын құрды, – деп атап өтті Евгений Жовтис.

Ол сондай-ақ Жұмыс тобының мүшелері Дүниежүзілік банк, Еуропа қайта құру және даму банкі және Азия даму банкінің құжаттарына талдау жүргізіп, онда аймақтағы адам құқықтары ахуалы және Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері өз мойнына алған міндеттемелердің орындалуы қалай көрініс тапқанын зерттегенін айтты.

– Бұл бастама біздің елдердің тұрақты дамуына қызмет етеді деп үлкен үміт артамыз, – деп қорытындылады құқық қорғаушы.

Адам құқықтары жөніндегі бюро директоры Денис Дживага Орталық Азия құқық қорғаушылары мен халықаралық қаржы институттары арасындағы диалогтың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, соңғы жылдардағы саяси ахуал адам құқықтары саласындағы нақты жағдайдың жақсаруына аз үміт қалдырады, алайда бұл тақырыптағы диалог жалпы алғанда мүмкін де, қажет те. Сондай-ақ жағдайды жақсартуға ықпал етуі мүмкін конструктивті шешімдерді лоббилеу мүмкіндігін де пайдалану маңызды.

Біздің серіктестер